Кең даланың заңына тек бағынған...
Кең даланың заңына тек бағынған,
Елім, сенен,
Айналайын бағыңнан!
Киіз үйге ұқсайды екен
Ертеде
Баспаналар Архайымда салынған.
Дөп-дөңгелек жерге жылу берген күн,
Жүзі де сол- айдың, айдын көлдердің.
Төңкерілген аспан- қазақ қазаны,
Төрт бұрышты көкжиекті көрген кім?!
Ыдыс-аяқ: кесем, құман, табағым-
Көшірмесі жұмыр жердің,
Даланың.
Келбетіме жарасқан соң
Басыма
Дөп-дөңгелек бөрік киіп аламын.
Іске асырған ата-баба арманын,
Өзі тапқан дөңгелегі арбаның.
Шыр айналған дүниеге ұқсайды
Атқа мініп құйғытқанда жан-жағым.
Дөп-дөңгелек үй шайқалмас жел ессе,
Тік!
Ыңғайлы ой ма, қыр ма, белес пе?!
Қазағымның ойы биік,
Өйткені
Шаңырағы- заңғар аспан емес пе?!
Киіз үйде тал бесікке бөлендім,
Кең даламда бақытыма кенелдім.
Мүмкін емес,
Көкжиегі көңілінің
Кең болмауы көкжиегі кең елдің!