01.06.2023
129
Қарақошқыл топырағы ауылдың...
Қарақошқыл топырағы ауылдың,
Түсіп жатыр қабіріне бауырдың.
Бір-бір уыс топырағы қосылды
Оған мұнда жиналған бар қауымның.
Топырақ сап жас қабірге егілді ел,
Күнәсі егер болса енді жеңілдер.
Уыс-уыс жауып жатыр тілектер,
Үміт,
Сенім,
Қимас ыстық көңілдер.
Топырақта қасиеті даланың,
Нәрін берген
Нұрын сепкен оған Күн!
Әкең арман еткен кеше соғыста,
Бауырым-ай,
Торқаға сен орандың.
Айналарсың өзің де ертең торқаға
Ораларсың гүл боп өскен ортаға.
Өбектейді сонда қайта Туған жер,
Күннің нұры,
Жылу, жауын – төрт Ана!