Ескі үй орнындағы ой
Осында жазып едім талай өлең,
Көз жұмған енді бүгін жандай көрем.
Құлазып, құм құшақтап шөгіп кеткен
Жұртына қимастықпен қарай берем.
Қап-қалың саман еді қабырғасы,
Кірпіштен күйген қызыл бар мұржасы.
Қоржын үй.
Үш терезе.
Тұрған жері
Жағасы Шилі өзеннің – жардың басы.
Қонаққа жиі-жиі келгесін де,
Кішкене үй қалған шығар ел есінде.
Көсенің сақалындай шөп өсетін,
Сыланған саз балшықпен төбесінде.
Ұста еді,
Әкем шебер адам еді,
Осы үйге жұмсалыпты бар өнері.
Төбесіне тоқылған қамыс жапқан,
Жақтауы терезенің... бәрі әдемі.
Жүретін біздің үйді мақтап әркім,
Тіл көзден шешем байғұс сақтанатын.
Жыл сайын іші-сырты әктеліп кіл,
Киізбен сыртқы есігі қапталатын.
Бүл үйдің тарихы көп еске алатын,
Осында шопан, диқан, өскен ақын.
Анамыз мына жерде отыратын,
Ал мынау әкем салған пеш болатын.
Алдынан үйдің өзен жылжиды ағып...
Тұратын төрде мына жүк жиналып.
Әкеміз:
Қорқады деп сабақтан соң,
Келетін ана жолмен бізді үйге алып.
Есімде мұңды күні, сайран күні,
Апыр-ау, ұмытармын қайдан мұны?!
Бесігі мына жерде бөпеміздің,
Тұратын есік жақта айран күбі.
Жасадық жақсы қылық, жаман қылық,
Өсірді осы үй бірақ адам қылып.
Кей күні жылап тұрып,
Кейде күліп
Аттаған мынау біздің табалдырық.
Анамыз кенде еткен жоқ бізді ақылдан,
Бес қыз бен айналатын бір батырдан.
Мен едім жалғыз «батыр», қалдым үйде,
Осы үйден бес қыз алыс ұзатылған.
Біз өстік,
Үйіміз – тек аласарған,
Қалықтап қанат қақты алғаш арман.
Осы үйде
Дірілдетіп ақ дәкені,
Әкемнің бетіне жұрт жаба салған...
Алтаумыз.
Демеуші еді баламыз көп,
Шығатын сәл кешіксек анам іздеп.
Еске алып сол күндерді жылап тұрдым,
Жұбатты ел:
– Жаңа үй мұнда саламыз, – деп.
Туған үй...
Келер енді қалай қиғың,
Айрылған жақынынан жандай күйдім.
Адамды бұл жер талай өмірге әкеп,
Орны да болған шығар талай үйдің?!
Тіршілік, көрсетпесең ұғар ма едік,
Орнына шыбық шығар шынар да өліп.
Тоздырып уақыт шіркін жаңа үйді де,
Егіліп бір Серікбай тұрар келіп!