01.06.2023
  71


Автор: Серікбай Оспанов

Сап түзеген ақ басты, ала шыңдар...

Сап түзеген ақ басты, ала шыңдар


Зеңгір көкке биіктеп барасыңдар.


Ақ жаулықты, ақ көңіл анасыңдар,


Ақ самайлы, ақ шашты бабасыңдар.


 


Сап түзеген ақ басты ала шыңдар,


Тұрыстарың тамаша!


Жарасым бар!


Бұлттар көшіп жатса да туған жерден,


Қаһармандай паң тұрып қаласыңдар!


 


Сап түзеген ақ басты, ала шыңдар,


Түсінгенге сыры көп данасыңдар.


Ақ ботасын қорғаған аруанадай


Борандарда,


Дауылда панасыңдар.


 


Көрмесе де өзеннің ойны қанып,


Өзгерген жоқ өзіңнен ойлы қалып!


Қолтығына қысады перзенттерін,


Сілемдерің қысы-жаз қойнына алып.


 


Аспанға да өзің тіл тұрсың қатып,


Жиі-жиі жерге сен ұсын бақыт!


Ақ қарыңмен аптапта салқындатып,


Кәусарыңмен қаланы сусындатып.


 


Қары – күміс,


Күн күлсе, бұлағы – алтын,


Сұлулықты өзіңнен ұғады әркім.


Бойын түзеп,


Ұмтылып биіктерге,


Арқа сүйеп сендерге тұр Алматым!





Пікір жазу