01.06.2023
  92


Автор: Серікбай Оспанов

Жолдағы қайыңдар

Қарай берем қызығып,


Қайыңдарға әр түрлі.


Сапта тұрған тізіліп,


Қыздардай ақ балтырлы.


 


Түсірмейді жолға күн,


Күннен қорғап халықты.


Бір-біріне қолдарын


Созып тұра қалыпты.


 


Қалар  кейде тұнжырап,


Сыбырламай, сыр бүгіп.


Біз жыласақ, бір жылап,


Бізбен кейде бір күліп.


 


Ұқсап бірі жігітке,


Қызға бірі ұқсап қап,


Қолдары тек іліксе,


Алатындай құшақтап.


 


Жолдың екі жағынан


Бір-біріне ұмтылып,


Ғашық бала шағынан


Тұр қайыңдар ынтығып.


 


...Өтіп жатыр күніміз,


Қол созамыз, жаным-ау.


Бірімізге біріміз


Қайыңдардай дәл мынау!





Пікір жазу