01.06.2023
  78


Автор: Серікбай Оспанов

Күзгі бақ

Сарғылт,


Қызғылт...


Жүз құрақ


Қандай көркем күзгі бақ?!


Күн шыққасын құлпырды,


Тұрған таңда тұнжырап.


 


Көктен құлап бар жарық,


Бұта арасын қақ жарып,


Махаббатқа жалғанып,


Сұлулықпен табысып,


Сала берді жанданып.


Түбіне ағаш тығылды


Көлеңкелер жан бағып.


 


Қарттар келді қалтылдап,


Жастар келді жарқылдап.


Жапыраққа қонды күн


Жанарларды алтындап.


 


Алтын теңге қайда да


Тербеледі жай ғана.


Тұсқа ұсталған,


Төселген


Құрақ көрпе айнала.


 


Құрбым, байқап қалдың ба,


Алтын сәуле алдыңда,


Төгіледі төбеңнен,


Жалтылдайды жаныңда!


 


Неге ұнаттым,


Сүйдім мен


Қонбай кеткен бағым ба?


Сені айналып, үйірілген


Менің жастық шағым ба?!


 


Бөлініпті сан-мыңға,


Жасырын сыр бар мұнда!


Алтын сәуле қонады


Жанарына шалдың да.


 


Билеп,


Ойнақ салады,


От боп маздап жанады.


Сол сұлулық өзімен


Мені де ертіп барады.


Сені де ертіп алады,


Жаның шабыттанады.


Жансызға да жан бітіп,


Лағылқанаттанады...


 


Жарқылдаған жүз құрақ


Бақыт құштық бізге ұнап.


Жер бетінде бір жұмақ


Болса егер ол –


Күзгі бақ!





Пікір жазу