01.06.2023
68
Көк аспаннан қараса күн қиылып...
Көк аспаннан қараса күн қиылып,
Сәлем жасап ақ селеу тұр иіліп,
Көлбеп жатқан тарайды кең далаға
Көмейінен құстардың үн құйылып.
Қия шауып қырларға көтеріліп,
Жолды тастап,
Келеміз төте жүріп.
Жаман дейтін жапалақ көз алдыңда
Саршұнақты зу етіп кетеді іліп.
-Еркін өскен тағы ғой кең далада,
Мылтық кезеп ол құста нең бар, аға?!
Өңменімен өтті ғой мына сөзі,
Қасымдағы таң қалдым мен балаға.
Тауып айтты шындықты өр тілді інім,
Ұшқан құстың сыйладым еркіндігін.
Отыр екен шай ішіп біз жеткенде,
Ашып тастап аңқайтып ел түндігін.
Түніменен самал боп жүрді еркіндік,
Мұңайып біз, өткенге бірде күлдік,
Қанықтырып түнгі аспан әлеміне,
Экранға айналды түрген түндік.