01.06.2023
  102


Автор: Серікбай Оспанов

Қытымыр қыс

Қар жамылып ана құм, мына құм да,


Іші толған сайлардың, жыраның да.


Бірде ысқырып,


Бірде ұлып,


Үріп бірде,


Қорқыныш жүр қоянның құлағында.


 


Ұшырардай долы жел қыстақты үрлеп,


Екілене соғады қыстап, тілдеп.


Ат жалына жармасып,


Түйелердің


Шудасынан болады ұстап мінбек.


 


Орғып өткен оппа қып оңын, солын,


Мінсіз етіп жонады қардың жонын.


Арасынан өте алмай


Ышқынып ол


Сабалайды қойлардың қалың тонын.


 


Жолыққанды итеріп өңменінен,


Қағып,


Сілкіп төсейді төрге кілем.


Тынышталса,


Іздері тіршіліктің


Сыр шертеді ақ кілем өрнегінен!





Пікір жазу