31.05.2023
91
Желі үскірік қарсы алып қара күзді...
Желі үскірік қарсы алып қара күзді,
Ойландырып тастады дала бізді.
Сықырлаған сары аяз, бораны бар,
Қаһарлы енді қыс қалай болар ізгі?!
Шыға кепті жер беті жүдеп, міне,
Жаз түгілі шынымен күз де өтті ме?!
Қыс келеді деген сөз жанға қаяу,
Соқтырады қаттырақ жүректі де.
Жаздағыдай бола алмай таң нұры да,
Сылбыр жауып тұр тынбай жаңбыры да.
Мазалайды жанымды күз өткені,
Шүкіршілік айтсам да тағдырыма.
Айырылыпты көктемгі күлкісінен,
Сай-саланың шошындым түр-түсінен.
Сол бір сәтте оятып үмітімді,
Сығалады бір сәуле бұлт ішінен.
Күрт өзгеріп түр-түсі даланың да,
Ғайып болды жаңағы нала-мұң да.
Өмір күліп тұр екен
Немеремнің
Терезеден қараған жанарында.