Қызыл арша
Шығады тауға деседі
Тас жарып, биік шыңында.
Сол қызыл арша өседі
Тосынның торғын құмында.
Тамаша бұл деп тамсандық,
Өзіндік оның бар сәні.
Жаңа жылдарды қарсы алдық
Шырша ғып қызыл аршаны.
Қоршады оны қанша мұң,
Сары құм сансыз салды асыр.
Алайда қызыл аршаның
Жапырағы мәңгі жап-жасыл.
Жап-жасыл едік біз де онда,
Баламыз майда өрімдей.
Өзгермей арша тұр жонда
Жап-жасыл біздің көңілдей.
Ұмытам қалай сол шақты,
Еске алам ойлы пішінде.
Қып-қызыл арша аңсатты,
Көремін жиі түсімде.
Жел ұрып, оны күн қағып,
Жұлқыған дауыл, боран да.
Еңбекпен өскен тырбанып,
Тағдырым менің бар онда.
Қастерлеп жүрген бір ұлмын
Дәстүрін, салтын елімнің.
Түсі бар онда құмымның,
Иісі бар онда жерімнің.
Шуағы күннің бар онда,
Бар онда жердің жылуы.
Жап-жазық жапан даламда
Ағаштың сол ең сұлуы!