31.05.2023
  70


Автор: Серікбай Оспанов

Абақтыда

Құрманғазы Сағырбаевқа


 


Қолы тисе домбыраның пернесіне,


Сағынышпен алады елді есіне.


Туған елдің жазығы – жазирасы


Жазылып-ақ қалыпты зердесіне.


 


Көз алдында тақыры, тау шатқалы,


Күйге айналып барады аңсатқалы...


Ақ бұлағы ағады жанарынан,


Тұлпар болып туласа саусақтары.


 


Көз алдыңа келтіріп ол даланы,


Қыран болып, дауыл боп долданады.


Не берді елге, не көмек жасай алды,


Домбырасы, күйлері – қолда бары!


 


Бір-ақ жарық, жарықты тор қаптаған,


Оның өзін мейірімсіз қорғапты адам.


Сол арадан күй үні тарап жатыр


Болашаққа –


Мәңгілік жолға аттаған.


 


Әсем сазды тыңдауға тояр ма адам,


Күйдің үні дейтіндей оян, далам!


...Екі қолды зар заман байласа да,


Өршіл күйді кісендеп қоя алмаған!





Пікір жазу