31.05.2023
  88


Автор: Серікбай Оспанов

Келбетің   кереметтей   барады   ұнап...

Келбетің   кереметтей   барады   ұнап,


Ұқсаған қарағыма Қарабұлақ.


Шашбаулы,


Қөк көйлекті,


Сәукелелі


Жатқандай тау, тас, жапан дала жылап.


 


Өзің боп – бұлақ болып тау жылайды,


Мұңдыға   қашан-дағы   даусың – қайғы.


Күлгендей көңілдіге,


Мөлдір суың


Көз жас па, қуаныш па,


Таусылмайды?!


 


Тыңдайды сені, бұлақ, аймақ тынып,


Қосылып үніңе құс, жайнап шыбық.


Бір кезде Қаратаудан көшкен елдің


Жатыр ма мұң мен зары қайнап шығып?!


 


Бабамның көз  жасысың  онда  менің,


Келеді балаңды бұл қолда дегім.


Қаратау, Қарабұлақ,


Өздеріңнен


Отаным – қуат алған орман елім!


 


Қаратау қас қақпайды қарауылда,


Мың жылқы, мың-мың адам қарауында.


Қара бұлт – көк түтіні секілденіп,


Қараймын қап-қара тас самауырға.


 


Қара тау,


Қара бұлақ,


Қара бұлттар,


Қалыпты қара жарға қамалып тал.


Құлағы өткен күннің –


Дәу жапырақ


Дегендей өмірде не жаңалық бар?!


 


Қара тал,


Қара қыран,


Қара құрақ,


Келеді жан-жағыма қарағым-ақ.


Күнгейде күнге күйген қара бала –


Барады құлдыраңдап Қарабұлақ.


 


Қап-қара Керегетас, Келіншек те,


Қалды ма, қарағым-ай, елің шетте?!


Қара өркеш,


Қара шуда,


Қара нарлар...


Қара көз қадалады келешекке...





Пікір жазу