31.05.2023
  210


Автор: Серікбай Оспанов

Бурабай

Нуға да бай,


Суға да бай,


Бурабай,


Қайталанбас ол ғажайып тумадай.


Күндіз Күні шомылса келіп көліне,


Алтын балық – шомылар түнде тулап Ай.


 


Осында жыр,


Осында сыр,


Күй деген,


Ақындықты,


Жарқындықты үйренем.


Көрдім мұнда көп қатарлы тастарды,


Көрдім мұнда қайыңдарды билеген.


 


Жап-жасыл көл,


Жап-жасыл бел,


Даланы-ай,


Күзетінде тұр қаздиып қарағай.


Оқжетпесі созып қолын аспанға,


Тәкаппар тұр, төменге көз сап қарамай.


 


Сұлу мекен, қалыпты сенде тұрақтап,


Құс аруы – айдында аққу жүр аппақ.


Асыл Арқа,


Ақындар шыққан арқалы,


Мен де өзіңнен кете алмай тұрмын жырақтап!





Пікір жазу