Алматыда биыл жазда жаңбыр көп...
Алматыда биыл жазда жаңбыр көп,
Желмеп ойнап желбірейді балғын көк.
Жалаң аяқ, түріп тастап балақты,
Көк кілемде кетеді асыр салғың кеп.
Биыл жиі аспаннан нұр жауып тұр,
Көңілдер де көктем, жазын тауып тұр.
Қаһарлы қыс, қар сындырған ағаш көп,
Жарқын жазым, өзің енді сауықтыр!
Биыл жиі тұр аспаннан нұр құйып,
Жылдағыдан бақ-бақтар да тым биік.
Көшелерге тұнып қалған шалшық та
Үңілсеңіз секілді бір тұңғиық.
Жап-жасыл шөп,
Жапырақтар жап-жасыл,
Жастық шақтан жеткізгендей жанға сыр,
Жап-жасыл боп тербеледі теректер,
Қартаймаған жасаса да сан ғасыр.
Шөп басында мөлт-мөлт етіп шық тұнып,
Тасқа шыққан тал танытар мықтылық.
Бар табиғат жайнап кеткен жасарып,
Былтыр құлап қалған шыбық тік тұрып.
Қызыл-жасыл,
Таңғажайып бақ бүгін,
Ұқтырғандай шақтың мынау шаттығын.
Жауған жауын,
Жарқыраған күн көзі
Жердің де бұл сездірмей тұр қарттығын!
Алма, алмұрт, арша, жиде... алшадан
Рақмет, ауа, жел, күн, таң, саған!
Көңілдер де тұрар еді-ау көктем боп,
Ақ жаңбырдап жауса мейірім аңсаған!
Торғай, сені келеді гүлге орағым
Торғай, сені келеді гүлге орағым,
Елің түгіл, сағынтты құм бораның.
Табиғатың өзіңнің тарту етсе,
Ақын болмай, мен енді кім боламын?!
Торғай, сені келеді күнде көргім,
Күндіз бөлдің ұйқымды, түнде бөлдің.
Қиял бердің, айналдың тірегіме,
Жүрегіне айналдың бірде өлеңнің.
Торғай, сені келеді аялағым,
Көркің мәңгі!
Ал менің таяды әрім.
Аянарым жоқ ешбір өзің үшін,
Сағындырған самалды, сая бағым.
Торғай, сені келеді алға асырғым,
Мақтанышы болғайсың сан ғасырдың.
Таусылмайды арманы өзіңді ойлап,
Өзіңде өскен кешегі жап-жас ұлдың.
Торғай, сені келеді жырға орағым,
Мәңгіліксің!
Мен бүгін бір қонағың.
Қарашығым секілді жерің, елің,
Жанашырың болмасам,
Кім боламын?!