31.05.2023
  89


Автор: Серікбай Оспанов

Көктем өрлеп барады Көктөбеге

Көктепті тас көшенің жарықтары,


Қарайды таң-тамаша қалып бәрі.


Көктемде қызы түгіл,


Алматының


Сыбырлап, сылқ-сылқ күледі арықтары.


 


Көрдің бе Алматының, құрбым, бағын,


Ұғасың қазір одан сырдың бәрін.


Жырлайды тіршілікті көктем бүгін


Кіріп ап тамағына бұлбұлдардың.


 


Береке, көшелерге берген көрік,


Көктемді әр бұтадан келем көріп.


Маңайға мақпал жауып,


Келді көктем


Ақынға шумақ-шумақ өлең болып.


 


Қойғаны-ай жігіттерді қиылдырып,


Кезеді қияны үміт, қиырды үміт.


Қыздардың білектерін жалаңаштап,


Көктем жүр ағаштарды киіндіріп.


 


Ол елге нәзік сезім боп келе ме,


Жүрекке жылу шашып, от бере ме?


Байқайсың тілің жетіп айта алмасты,


Барады көктем шығып Көктөбеге.


 


Жатады күн шуақтап қала көлбеп,


Аққан су көшелерге салады өрнек.


Жап-жасыл нуға айналып


Көктем енді,


Әнеки, Алатауға барады өрлеп!





Пікір жазу