31.05.2023
85
Көкпеңбек дала көбелек ұшқан көлбеңдеп...
Көкпеңбек дала көбелек ұшқан көлбеңдеп,
Жағалай ауыл, еседі салқын көлден леп.
Көк жібек аспан үлбіреп түссе айдынға,
Бір отар қой бас қойып жатыр шөлден кеп.
Ызың да ызың сары масалардың үні білініп,
Көкжиекті, әне, көтеріп тұр әзер Күн іліп.
Өрістен қайтқан енесін еміп қойыпты,
Бір бала жүр бұзауын қуып, жүгіріп.
Тоқтатып сәтке даладағы дүбір, думанды,
Мақпал түн келді, тауларға сіңіп шу қалды.
Ошақтағы от лап етсе жалап қазанды,
Балбырап піскен бағылан еті туралды.
Ай туып келеді айналаны аппақ жарық қып,
Уәделің болса алты бақанға барып күт.
Сезіміңді бір домбыра етіп шертетін,
Тылсым тыныштық – жайлаудың түні-ай, жарықтық!