31.05.2023
  105


Автор: Серікбай Оспанов

Ауыл кеші

Ертеңгі күн болар-ау деп арайлы,


Батар Күнге қарттар ұзақ қарайды.


Көрші қыздар бара ма екен киноға,


Қайта-қайта шашын неге тарайды?


 


Күн қызарып ұясына құлады,


Көк қырқадан көрініп тұр құлағы.


Көкжиектер қызыл лента тағынған,


Бұзау қуып бір балақай жүр әне...


 


Әйелдердің жұмысы да бір бітпей,


Ошақтарда от жағылды үміттей.


Көрінеді қарайғанның бәрі де


Қыздары бар кемпірлерге жігіттей.


 


– Шөлдеп тұрмын, су әкелем құдықтан, –


Дейді қызы.


Ал шешесі мұны ұққан:


– Кешікпе! – деп қатулана қарайды,


Жастық шағын жоқ-ау әлі ұмытқан.


 


Самал есті.


Салқын самал әдемі,


Ән төгілді.


Неткен әсем ән еді?!


Тым алысқа естіледі


Қарттардың


Бір-біріне берген кешкі сәлемі...





Пікір жазу