31.05.2023
  100


Автор: Серікбай Оспанов

Кең жайлау, араладық ат арбамен...

Кең жайлау, араладық ат арбамен,


Сенде өсіп, қосылып ем қатарға мен.


Таныстар «Секе» дейді, «кісі» дейді,


Ауылда бұрын бұлай аталмап ем.


 


Сағынсам туған жердің жел кемесі ем,


Несі айып, жиі келіп еркелесем?!


Кешелер «сары бала» атағандар,


Біртүрлі сезінемін «секе» десең...


 


Бәрі де қонақ келсе шаттанады,


Қыдырып жүргенім жоқ жат даланы.


Апыр-ай, айрылмайын десем-дағы


Балалық сірә, менен қап барады?


 


Ауылдан тағы да алыс жүріп барам,


Бәрі де қол бұлғайды күліп маған.


...Кісі десе ел танымай қалғандары,


Бала десе мені әлі ұмытпаған...





Пікір жазу