31.05.2023
95
Тау өзені
Құлайды құлдилап асқардан,
Шашылып,
Қайтадан құралып.
Зулайды секіріп тастардан,
Майысып, белі сан бұралып.
Шашылса тарқалған бұрымдай,
Қосылса сусыған жібектей.
Кісінеп құйғытқан құлындай,
Бишіге біткен ақ білектей.
Күркіреп,
Сілкілеп,
Сарқырап,
Ағады аптығып, бұлқынып.
Жуынып жағада жапырақ,
Күннен нәр алып, тұр күліп...
Жолдағы бәріне ұрынып,
Сипалап,
Ұрғылап өтеді.
Сүрініп,
Жығылып,
Тығылып,
Бір жерден құлдырап өтеді.
Өзінше соған да мақтанып,
Шаттанып, қол соғып барады.
Дамылсыз бар сырын ақтарып,
Сырыңды тез біліп алады.
Қашады түртіп қап, қытықтап,
Денесі,
Қолдары мұп-мұздай.
Кейде бір еркелеп,
Жығып сап,
Кетеді ол өзін жыққызбай.
Қолыңнан келмейді ерке етпеу,
Аунатып,
Сан рет аунайды.
Тау суы тынымсыз,
Тентектеу
Сүйіктім, өзіңнен аумайды!