31.05.2023
  183


Автор: Мөлдір Тоқжанова

Мен келдім.

Сіздің құрсағыңызда болғанда қауіпсіз еді, бақытты едім. Маған деген махаббатыңызды, жүрек қағысыңызды да анық сездім.
Шаршаңқы көрінесіз. Көздеріңізден қаншалықты бақытты болсаңыз да бірнәрсеге алаңдаулы екеніңізді байқадым.. Қолдарым бүгіліп, мыжырайып тұрғанда өзімді әлі сіздің жатырыңызда жатырмын деп ойлап едім. Бірақ енді сіздің өміріңізге қадам басқаным анық. Сіз де қарныңызда тасыған жүгіңіздің жеңілдегеніне әлі илана қоймаған сияқтысыз. Екеуміз де әлі бұған үйреніп кетерміз.

? Анашым, қорықпашы. Мені қамқорлығыңызға алып, бар мейіріңізді төгіп, қолдап-қолпаштайтыныңызға еш күмәнім жоқ. Жаратушымыз табаныңыздың астына Жаннат сыйын жасырды, Өз рақметінің шексіз дариясынан сізге бір тамшы нәсіп етті. Мейірімді болу сіздің болмысыңызда бар қасиет.

? Жаным анашым, менің жақсы адам болғанымды жан жүрегіңізбен қалайтыныңызды білемін. Бірақ... Бірақ сізге бір құпия айтайын ба? Мен бәрін сіздерден үйренемін. Әкем екеуіңіздің бүкіл әрекеттеріңізді қайталаймын, менің идеалым сіздер ғой. Сіз ең алдымен әкемнің адал жары екеніңізді ұмытпаңыз. Ал сіздің бақытты екеніңізді көрген сайын мен марқайып қалар едім.

? Анашым, Әкешім... Маған қымбат киімдерді, түрлі-түрлі ойыншықтарды, әр жерде атым жазылған әшекейлерді дайындаудың еш қажеті жоқ. Себебі бұлардан өзімді ерекше сезінбеймін. Ол маған бақыт сыйламайды!
Өмірдің бәрін сіздің ішіңізде жатқандай сүрсем ғой деп армандаймын. Бірақ Жаратқан менің өміріме арналған жаңа парақтың бетін ашты.

? Енді мен жеке тұлға боламын, менің өмірімнің өз емтиханы, биіктеуі мен құлдырауы, сынақтары мен жеңістері болады. Мені сынаққа қимайсыз білемін... Дегенмен мені алдын-ала соған дайындауыңызды сұраймын. Өмірдің ащысын, жоқшылығын, қиын сәттерін де көрсетуді ұмытпаңыз... Маған дайын нәрсені емес, нан табудың жолын үйретіңіз, анашым. Әр жеңісіме сый беріп, мені дәмелендіруден сақтаныңыз. Әйтпесе, өмір өз сыйын кешіктіргенде қалай шыдамақпын?! Ұйқымнан ояту керек болса, оятыңыз, жасауым керек болған барлық нәрседе мені ешқашан аямаңыз! Бұның бәрі сіз жоқ кезде де тікемнен тұрып, сынып қалмауым үшін керек.


 


Анашым, үстелге соғылып қалғанымда үстелді ұрмаңыз, өйткені өмірде тап солай жанымды ауыртқанның бәрін жолымнан теуіп, бір ұрып кете алмаймын ғой. Сіздің ханзадаңыз, әкемнің ханшайымы еместігімді әлі-ақ өмір көрсетеді. Сондықтан сіздің жанды жылытар даусыңыз, жұпар аңқыған иісіңіз, жып-жылы құшағыңыз, ең маңыздысы үздіксіз тілеген дұға-тілектеріңіз маған жеткілікті, анашым. Қарны ашып қалмасын деп қазірден тамақтың ең дәмдісін ауызыма тосуға әзірсіз. Сол сияқты рухым да аш қалмасын, анашым. Маған Раббымды танытыңыз, дінімді үйретіңіз, себебі бұларды іздеймін деп әр есікті қағып жүруді қаламас едім...
Анашым, сіздің кітабыңыз болайын. Мені оқыңыз... Және оқыған сайын шүкір етіп авторына қайран қалыңыз!!!





Пікір жазу