29.05.2023
  206


Автор: Маржан Ершу

Шопеннің жүрегі


Жұрттың көбіне ақыл берілгенімен, жүрек бәріне бірдей берілмеген.


Бауыржан Момышұлы



Сырлы саздардың құшағында жүрген Шопен алғаш рет ғашық болып қалды. Композиторды тартымдылығымен өзіне баураған бұл арудың есімі — Констанция болатын. Алып-ұшқан Шопеннің сезімнің тереңдігі соншалық, Констанциясыз болашағын көз алдына елестете алмады. Екі жастың үйленуі үшін мол қаражат керек еді. Шопен қаржы табу мақсатымен Венадан Парижге аттанды. Парижде ауқатты бір отбасының балаларына музыкадан дәріс берген ол, алыстан махаббатын үнемі сағынышпен еске алып, хат жазумен болды. «Сүйіктім, өзің сыйлаған жүзігің қолымда. Дәл қазір жүзігімді сүйіп, өзіңе хат жазудамын. Білесің бе, менің жүрегім сенің таза от-жалыныңнан қуат алады. Біз жастық шағымыздың ең бақытты кезеңінде тұрмыз. Үлбіреген нәзік гүлдерде — сенің исің, сылдырап аққан бұлақта — сенің күлкің. Менің жан дүниемді сенің бар болмысың билеп алған. Өзіңе деген ғашықтық сезімім шексіз. Жүрегімдегі осы жалынды сен сөндірмейді ғой деп сенемін».


Амал не, ыстық сезімге толы хаттар желге ұшты. Шопенді ұзақ күтуге шыдамаған Констанция зергерлік бұйымдар дүкенінің иесіне тұрмысқа шығып кетті. Мұны естіген Шопен сүйіктісінің антын бұзғанына ыза болды. «Шіркін, көп ақшам болғанында ғой, Констанция мендік болар еді», — деп қайғырды. Сәтсіз махаббатының азабы мен күйігінен көпке дейін арыла алмады. Раушан гүлдері үзіліп, қолында тікені қалды. Жалғыздық пен мұңның құрығынан құтылу оңай болмады.


Кенет... Бір күні Марианна есімді бойжеткенді кезіктірді. Сезімін Констанциямен бірге өлді деп ойлап жүрген ол енді музыкамен шындап айналысып, композитор ретінде атақ-даңқы шарықтай түскен кезі еді бұл. Шопен өміріне жарық сәуле кірді. Марианна оның шабытын оятушы күш, арманына асықтырушы көктегі жұлдыздай әсер етті. Махаббат отының ұшқыны өртеген кезде оның жүрегіне бүкіл әлем сыйып кеткендей еді. Әйгілі шығармалары мен демеушілерінің арқасында дәулеті де толыға түсті. Марианна мен Шопенге тек некеге тұрып, отау құру ғана қалды. Жолсапарлар оның бетін Дрезденге бұрды. Сондағы бір ауқатты отбасының балаларына музыкадан дәріс беруге бірнеше айға шақырту алды. Еңбекақысы — қомақты ақша болғандықтан Шопен қуана келісті. Үйлену тойы кейінге шегерілді.


Парижге қайта оралғанда Шопен сұмдық хабар естіді. Оның жүрегі тоқтап қалғандай болды. Қалыңдығы графпен тұрмыс құрып кеткен еді. Композитор мен Граф. Өнер мен Ақша. Махаббат пен Сатқындық. Шопеннің махаббаттағы екінші сәтсіздігі ол үшін өліммен тең болды. Өмірде махаббаттан гөрі ақшаның биік тұратынына қынжылды. Марианнаның опасыздығы жүрегін жаралағанымен қоймай, оның ойлау қабілетін де есеңгіретіп кетті. Ол уайым тұңғиығына батып бара жатты. «Ешқашан да махаббатқа үміт артпау керек. Үміт дегенді жою керек. Осы көрген азабымның бәрі — үміттің арқасында болды», — деп күрсінді.


Ауа райы бұзылып, жауын жауып тұрған болатын. Шопен күңгірт бөлмеде теңселіп жүріп, бойын жаулаған мұңды қуу үшін бір жаққа барғысы келді. Қайда еді? Графиня Бенетта үйіндегі жиынға шақырылғаны есіне түсті. Ойланбастан тез киінді де, сол жерге аттанды. Графиняның меймандар үйінде көңілді қауымды жолықтырды. Шопен күйсандыққа жақын келді де, жанын билеген бір әуенді ойнай бастады.


Ол өзінің әуенді ертегісін аяқтап, көзін жоғары көтергенде, о, ғажап! Оның алдында үстінде әсем зермен өрнектелген, ұзын етегі жерге сүйретілген қызыл көйлек киген бейтаныс бойжеткен тұрды. Мойына бір қатар інжу моншағын тағып алған. Қыпша белі қынай буылған. Үлкен қара көздеріне толқынды қара шашы жараса қалған. Сырт сымбатына қарағанда ол бағалауға тұрарлық еді.


Бикеш күлімсіреп: — Неге тоқталып қалдыңыз, көңілді әуен ойнаңызшы, көңілдірек, — деді жанының ішкі жалынын жасыра алмаған ынтазар көңілмен. Шопеннің сұлу жүзінде қызғылт арай жүгіріп өтті. Сүйріктей аппақ саусақтары күйсандық бетінде жорғалай жөнелді. Ойнақы, көңілді әуен бөлме ішін нұрландырып жібергендей. Сол кеште Шопен ерекше көңілді болды. Ұшқыр ойымен, ақылды сөздерімен, назды қылығымен, сүйкімді келбетімен Шопеннің жанын тез баурап алған бұл сұлу — Жоржзонда болатын.


Ертесіне екеуі алма бағында оңаша кездесті. Қыз қолын созды. Жігіт қыздың қолын қысты. Сосын бір-біріне күлімсірей қарады. Ыстық құшақтар айқаса кетті. Мұны соңы екеуінің қосылуына әкеліп соқты. Олар он жылдай бір-біріне серік болды. Бұл ару Шопеннің шығармашылығына оң әсерін тигізді. Үміті жанып, сенімі артты. Жігеріне жігер, шабытына шабыт қосылды. Шығармашылығы шарықтау шыңына жетті. Шопенге шабытты шақ сыйлаған бұл әйел сұлу ғана емес, ақылды болған сияқты деп ойлауға тура келер. Ол әйел жай әйел емес, табиғатынан от мінезді, қызуқанды, дарындылығымен танымал жазушы болатын.


Бәрі аяқ астынан болды. Шопен ауырып қалды. Оның бойынан безгек ауруының алғашқы белгілері біліне бастаған кезде, тәкаппар Жоржзонда ханым тіпті өзгеріп кетті. Осы сәтте оның бойындағы бір мінезі ашылды. Ол Шопеннен айныды. Шопеннің апталап төсек тартып, сырқаттанып жатқаны ызасын келтірді. «Осындай өзі сырқат, ертеңі беймәлім сорлы адамда қандай махаббат болмақ? Менің келбетім де, күш-қайратым да сенен екі есе күштірек қой!» — деп Шопеннің жанын жеуден рахаттанды. Онымен қоймай Шопеннің ауру халін суреттеп, әлсіздігін табалағандай шығармалар жазып, жарыққа шығара бастады. «Дүниедегі әлсіздік деген ол — әлі құрыған еркек қой» деген сарказмге толы дүниелері көпшілік арасына тарап жатты. Шопен жалынышты жанарымен: «Сені сүйем ғой, мені тастамашы, кетпеші», — деп сөйлеп жатты. Ол сүйіктісінің сезімі өзінің сезіміндей нәзік емес, тым дөрекі екенін сезінгенде қатты күйінді. Сонда да одан айрылғысы келмеді, бірақ Жоржзонда кекесінмен оның есігін теуіп шығып, аулаққа қашты.


Шопен үмітіне тағы сенді. Үміті алданды. Тағы да қара түнек орнады. Тағы да тағдырдың жазуымен Шопен жалғыз қалды. Бұдан кейін ол салқынқандылыққа бой ұрып, қалың ойларға шомумен болды.


Бір күні оның есігінен жүрегін қолына ұстаған, Шопеннің талантына табынушы Марселина атты үкідей ару келіп кірді. Шопен оны шақырусыз қонақтай қабыл алды. Өмірінің ақырына дейін адал, сүйікті қамқоршысы бола алған бұл бикештің қарабайырлығы соншалықты, Шопеннің шығармаларын түсінбек түгілі, оның жүрегіндегі сұрапыл дауылды сезбеді. Көзінен сырын оқи алмады. Күлкісін түсінбеді. Шопен оны: «Менің ызыңдаған қара шыбыным», — деп атады. «Ызыңдаған қара шыбын» оның тереңде көмулі жатқан жанын оята алмады. Шопен өмірін музыкаға арнады. Әлем сүйіп тыңдайтын атақты вальс, соната, этюд жанрындағы шығармалары дүниеге келді. Жаңа шығармалары оның атақ-даңқын аспандатты.


Бірде бір жиындағы кешкі асқа Шопен де арнайы шақырылған-ды. Шопен мұнда жиналған қауымның ыстық ықыласы мен ілтипатына бөленді. Кенет, көзі таныс әдемі жанарды шалып қалды. Иә, бұл — Жоржзонда болатын. Әлде өкініш, әлде таңданыс, әлде махаббат па, кім білсін, ол қуаныштан жүзі албырап Шопенге қарай жүгірді. Шопеннің өңі шүберектей қуарып кетті. Аласұрған жүрегі мен жанарына келіп қалған жалғыз тамшы жасты жасыру үшін теріс айналып бұрылды да, үйден шығып жүре берген. Жанын көңілсіздік билеген Шопен күзгі кештің салқындығын да сезбеді. Жер, жер, жерге қарады аяғының астына. Сарғайған жапырақтар жерде шашылып жатты. Табандармен тапталған тілім-тілім жапырақтар Шопеннің өз жүрегіне ұқсап кеткендей болды. Жанын бір мұңды саз биледі. Тезірек күйсандығына жеткенше асықты...


P.S. Поляк халқының Парижде өмір сүрген ұлы композиторы Шопен: «Өлгенімде жүрегімді Варшаваға жерлеңдер», — деп аманат қалдырған. Талантқа бас иіп, тағзым еткен халықтың бұл өтінішті адал орындағаны анық. Варшавадағы халықаралық әуежай Шопен атымен аталады. Шопен мұражайы, Шопен атындағы демалыс алаңы да осы қаланың көрікті жерінде орналасқан. Бұл алаңда шахмат тәрізденіп өрілген әсем гүлзарлар бар. Ал Шопеннің асыл жүрегі костёлде (католиктер шіркеуінде) жерленген. Демалыс алаңындағы Шопен ескерткішінің жанына барған халық оның өлмес шығармаларының сазын тыңдап, рухани ләззат алады. Шопен шығармаларын орындаушылар үшін бұл жерде конкурстар өткізіліп тұрады екен.





Пікір жазу