29.05.2023
  121


Автор: Марфуға Бектемірова

Көңілін кір шалмаған

(Уәлихан Қалижанға)
Дала да кең қарасаң,
Өмір де кең,
Бір қымбат дүние бар,
Көрінбеген.
Мансапта емес,
Атақта, байлықта емес,
Бақыт деген,
Кішкентай көңілде екен.
Қиын екен,
Көңілді қайтарғанда,
Өмір суық...
Қыс айы қаңтардан да.
Періштем,
Жылап тұрған менің талай,
Күші жетпей,
Құтырған сайтандарға.
Шайқай ма екен,
Өмірдің сан ырғағы,
Біреу айтқан сөзінен жаңылады.
«Қолымнан келмейді»...
Деген сөздің бәрі өтірік,
Көңіл болса,
Бәрі де табылады.
Не істейді,
Қолынан келмесе егер,
Күншілдер,
Күбірлеген сөзге сенер.
Көрмегенсіп жүргендер жүре берсін,
Сіз көрдіңіз,
«Соқырлар» көрмесе егер.
Оң көзімен,
Қарады-ау, сірә, маған,
Көңілін,
Кір шалмаған бір-ақ адам.
Қол ұшын,
Кім береді ақындарға?
Жыламаған,
Ештеңе сұрамаған.
Бәрі де,
Бір Алланың ісі емес пе?
Көргенім,
Бұл дүниеден түс емес пе?
Сізді көрсем маңдайы жарқыраған,
Қазақтың,
Кең жайлауы түседі еске.





Пікір жазу