29.05.2023
  86


Автор: Марфуға Бектемірова

Көкшенің жүрегімін

Ардақтаймын халқымның әдет-ғұрпын,
Аманбысың ағайын, бауыр-жұртым.
Қызың болып қаламын елін сүйген,
Сағынышпен ортаңа келіп тұрмын.
Қалам берді қолыма ұстасын деп,
Жақсылықты жолымда ұстандым тек.
Шабыт берді көңілге қалықтаған,
Өлең жазсын, әндерін шырқасын деп.
Талант берді өнерін қорғасын деп,
Өнерімен өз жерін қолдасын деп.
Махаббат берді жүретін жолдасым деп,
Сәби берді өмірін жалғасын деп.
Жолымды ашқан аңсаған арманыма,
Мен ғашықпын көліңе, орманыңа.
Тәуба деймін ішімнен, шүкір деймін,
Қорғаушымның әйтеуір болғанына.
Кеш болды деп сұрама, кешің неге,
Өтті жылдар зымырап, есіңде ме?
Шақырғанда туған ел, туған жұрты,
Туған қызы осылай кешіге ме?
Менсінбес те біреулер кім еді деп,
Мақтанамын өз халқым біледі деп.
Қайда жүрсем туған жер, лүпілдеген,
Ойла мені «Көкшенің жүрегі» деп.
Ешкім де айыра алмас сенен мені,
Мақсатым сол, өзіңе келгендегі.
Туған ел тыңда мынау бір жүректі,
Соғып жатқан өзіңнің кеудеңдегі.





Пікір жазу