28.05.2023
  101


Автор: Серікбай Оспанов

Алатау

Алатау жақпар-жақпар жоталанған,


Тік өркеш айнымайды боталардан.


Шөгеріп қар жауғанда қоя салған,


Немесе аунап күлге жата қалған.


 


Тастары жүрген бейне қой жайылып,


Сол жаққа жетелейді қоймай үміт.


Кеткенде сағым ойнап,


Шыршалары


Адамдай жүрген бейне мал қайырып.


 


Күн түссе шыңның басы арайланған,


Ақ бұлттар айнымайды ақ айраннан.


Осынау әсемдікке дәу теректер


Тік тұрып мойнын созып қарай қалған.


 


Өзені өр мінезді жұлқына ағып,


Кетеді жолындағы жылқыны алып.


Ұқсаған көңіліміз Алатауға,


Бұлағы − сыңғырлаған күлкім анық.


 


Тұрса егер төбемізде аспан күліп,


Жырладық жерімізді дастан қылып.


Алатау досымызды шақыратын,


Айбары қасымызды жасқандырып.





Пікір жазу