28.05.2023
  74


Автор: Серікбай Оспанов

Қыс

Ақпан айы. Түрініп ап таң білек,


«Осыншама неге үйіліп қалды» деп,


Жал-жал қарды оңды-солды атқылап,


Бұрқылдатып жатыр, әне, қар күреп.


 


Атқан қары билеп қала жолында,


Биіктетіп оң жағын да, солын да,


Қамысына, қоғасына жолығып,


Толып жатыр кең арналы Тобылға.


 


Ақ жал толқын ұмтылғанмен жан-жаққа,


Тіреліп қап арғы биік қабаққа,


Жар шетіне жармасады шыға алмай,


Түсіп кеткен ақ тышқандай табаққа.


 


Аппақ өңі, ақпан айы ақ білек


Аппақ қарды айналаға атты кеп.


Аппақ ұлпа – ертеңгі ырыс-несібе,


Жатқан шығар еліне Қыс бақ тілеп...


 


«Мінезі бар алай-түлей боп кетер, –


Дей алмайды ешкім қыста-төкпе тер!»


Күз ғана емес бізге ырыздық беретін,


Көктем ғана емес елді көктетер!





Пікір жазу