28.05.2023
  307


Автор: Серікбай Оспанов

Шилі өзен

Шилі өзен қамысы-ай,


Бізді ойлай жүр таныс-ай...


Халық әні.


 


Толғантады осы кейде өлең,


Ойлай ма бізді таныстар?


Ауылда біздің – Шилі өзен,


Онда да қалың қамыс бар.


 


Баурайды жанды сағыныш,


Сөз қандай, әсем ән қандай!


Мұң да бар, әрі жалыныш...


Өкініп біреу қалғандай...


 


Туған жері өсіп-көктеген –


Алыста қалып ауылы,


Арман-ай, қолы жетпеген...


Аңсатты ма әлде бауыры?..


 


Кім екен боздап ботадай,


Өрт шалып сонша өзегін,


Сағынып жерін тортадай,


Жыр еткен Шилі өзенін?!


 


Сеземін ақын жанды адам


Жыр еткен жерін, тасын да...


Әнменен елін жалғаған,


Жеткізген мынау ғасырға!


 


Ауылда біздің – Шилі өзен,


Қасында Балдай, Қандысай.


Толғантады осы кейде өлең,


Бізді ойлап жүр ме таныс-ай!..





Пікір жазу