28.05.2023
  74


Автор: Серікбай Оспанов

Ақкөңіл

Балдай таудың баурайында ақ бұлақ,


Ақ бұлағы қашаннан-ақ ақ көңіл.


Ырыс пен ол жетеді де шаттық ап,


Мөлдір су боп бұлқынады тәтті өмір.


 


Өткен күннен сыр шертеді жай ғана,


Бар бақытын ақ бұлақтан тапты өңір.


Туған жердің жонын сипап,


Айнала


Сусындатып жүр бүгін де Ақкөңіл.


 


Ауылымның ойы, қыры, төрінен,


Құмдарынан бала шағым аунаған, –


Оның  сәл-пәл сүйіп өткен жерінен


Гүл көремін тіршілік боп қаулаған.


 


Тілеуі оның – тіршіліктің өлмеуі,


Өзгермеуі даламыздың түр-түсі.


Ол – аулымның аппақ жібек белбеуі,


Ол – бауырымның, Балдай таудың күлкісі.


 


Туған төрім, төсіңде сан төккем жыр,


Көз алдымда өткен күннен тұр елес.


Ақ бұлақтай едім мен де мөп-мөлдір,


Ақ бұлақтай едім мен де күлегеш.


 


Ұлдарына ол тіл де берді, сөз берді,


Ақ бұлақтар – дала сәні, дала әні.


Менің күлкім өзгерді ғой, өзгерді,


Сенің күлкің өзгермесе жарады!..





Пікір жазу