28.05.2023
  83


Автор: Серікбай Оспанов

Туған жердің, бетегелі белдері...

Туған жердің, бетегелі белдері,


Ойладың ба?


Сағындың ба сен мені?!


Неге есіме түсе бердің, Балдайым,


Түні бойы ұйқым неге келмеді?


 


Жүрегімді бір әсем ән тербеді,


Еске түсіп қимас жандар елдегі.


Мені ойлаған бір жан бар-ау ауылда,


Түні бойы ұйқым неге келмеді?


 


Көкейімде күмбірлеген күй тұнды,


Ерекше күй жан баурайтын, сиқырлы.


Ай ма екен ол, жұлдыз ба екен көктегі,


Бір қыз ба екен,


Кім бұзды екен ұйқымды?


 


Аңсағаным ән мен күйі ауылдың,


Ақша бұлты, Балдай, сенің тауыңның.


Көз ілмесем, көзі ілмейін үмітпен


Ойлағаны шығар-ау деп бауырдың.


 


Жалғыз ұлдың амандығын сұраған,


Көз алдымда әкем, асыл тұр Анам.


Олар жоқ қой...


Сонда да әлі ауылда


Бар екен-ау мені ойлайтын бір адам.





Пікір жазу