28.05.2023
  101


Автор: Серікбай Оспанов

Абай ауданында

Оранып таңда қызыл тау жалынға,


Алтын сәуле ойнайды аумағында,


Сипалап әрбір үйді, әр ауланы,


Қалады сол нұр Абай ауданында!


 


Сан ақын, өткен мұнда талай батыр,


Қорымда Шәкәрім мен Абай жатыр!


Бейітке, ауылдарға қорған болып,


Жағалай қоршап таулар маңайда тұр.


 


Қараңыз, қараңызшы Қарауылға,


Тәлімі, тәрбиесі бар-ау ұлға!


Тап-таза айнымаған ауыл-қала,


Мұндайды ұқсайды екен қала-ауылға!


 


Төндірмей қауіп-қатер бар ауылға,


Жылынып күн көзінің алауында,


Батырдай кірпік қақпай қатып қалған,


Әнекей, Қарауыл тұр қарауылда!


 


Биіктеу Абайдың бұл аспаны да,


Бұлт шөккен тауларының асқарына.


Бір жігіт ат үстіне қонып жатты,


Ұқсаған ұлы Абайдың жас шағына!


 


Шаттық та,


Мұнда ерекше күлкілер де,


Аунайды күн шуағы гүл-кілемде!


Иіп,


Сүйіп,


Аймалап,


Қасиетті


Өтеді тиіп-тиіп бұлты жерге!


 


Абайдың ауданы бұл болғасын ба,


Бастайды із де шынға, жол да шыңға.


Өзгеше жүйріктік бар тұлпарында,


Ерекше тайпалау бар жорғасында!


 


Қанатын қыран ұшар еркін керіп,


Қайтыңыз Қарауылдың көркін көріп.


Екі аяқ ауылдарға жол тарайды


Өлеңнің қос тармағы секілденіп.


 


Той болып әлсін-әлсін әр ауылда,


Әйелдер ән салдырса самаурға,


Құстар да, жел де, қамыс құрақтар да


Бір әуен айтып тұрар Қарауылда!


 


Ғажайып күннің туар толғағы да,


Жігіт көп домбыра ұстар қолдарына!


Сөйлесе қайран қалып отырасың


Бәрінің сөзге шешен болғанына!


 


Тұр еді көкпеңбек боп жаңа ғана,


Көкжиек – қызыл шие, ала-дала.


Абайдың бала шағы – ел болашағы


Барады тауға өрмелеп қара бала!





Пікір жазу