28.05.2023
  139


Автор: Бақберген Рахым

Санамды улап, ақылымды шектеген

Санамды улап, ақылымды шектеген,
Бір ысиды, бір суынып ет денем.
Көңілімді қалдыратын тәкаппар,
Кейде қатал мінезіңді жек көрем!

Сендік болмыс жанарыма гүл екті,
Сенсіз ғалам қап-қара бір түнек-ті.
Дәл осындай болмысыңмен, қалпыңмен,
Жаралайсың кейде ақын-жүректі.

Басам қалай ішімдегі жалынды,
Хабарласып білсең етті хәлімді.
Мені мұңға батыратын кей-кейде
Жауыздығың жаралайды жанымды.

Қорқынышты дәл қазіргі бейнем шын,
Мейлі, мені Мәжнүн десін,
Дей берсін!
Жан баласын жақындатпас жаныңа
Мінезіңнен түңілемін кейде осы.

Жүрсің, білем, қиналып сен жырақта,
Төз, жарқыным!
Сынып қалма сынаққа!
Мына сені жек көретін мың себеп,
Бір себепті жеңе алмайды бірақ та.

Маған сенің ұнаған ашықтығың,
Жүрсің сен, неге, жаным, қашып бүгін?
Мың себепті ұмыттырар бір себеп –
Сені ессіз сүйетін ғашықтығым.

Арайлап қанша атқаныменен құба таң,
Көңілсіз неге, мен қалай оны жұбатам?
Қатыгезім-ай, өзің-ақ айтшы жауабын,
Жек көріп тұрып несіне сені ұнатам?





Пікір жазу