Сені ойламай жүрмеппін бір күн де мен
Сені ойламай жүрмеппін бір күн де мен,
Баурағансың мені үнсіз күлкіңменен.
Етіндей жас баланың күн шалмаған,
Тамағыңнан айналдым бүлкілдеген.
Көңіл шіркін әлденені сұрап жүр,
Кездессек қой ең болмаса бір-ақ түн.
Қызды гүлге теңейді ғой адамдар,
Сендей көркем бола алмайды бірақ гүл.
Есіл жырдан ғашықтығым білінді,
Ағам, бірақ, құптай қоймас мұнымды.
"Бұлбұл дауыс" деп жатады біреулер,
Бұлбұл сенің қайталайды үніңді.
Мен отырмын қалам тербеп тағы да,
Жалындаған махаббатты сағына.
Қашан күнім туар екен, Құдайым,
Баратұғын тап сол қыздың жанына.
Сен – көктемсің, ғажап иісі аңқыған,
Сол иістен өне бойым балқыған.
Сені көрсем күмбірлейді кеудемде,
Көкке самғап кететіндей шалқып ән.
Сен – жауынсың, әр тамшысы тап-таза,
Мен – қара бұлт, тұрған көкте баттаса.
Жауын қалай жауар еді, ойлашы,
Кең аспанды қап-қара бұлт жаппаса.
Сендік жүрек біздікінен бөлек тым,
Сол жүрекпен көңіліме гүл ектің.
Мендік жүрек дүрсілдейді қаттырақ,
Сен "онлайн" болған кезде, көріктім.
Өзіңді аңсап, өтер түнім, өтер күн,
Бұл фәниде сені ойлап-ақ өтермін.
Саған күнде өлең жазам деп жүріп,
Сірә, осылай, ақын болып кетермін.
Сені ойламай тіпті ұйқыға бармаппын,
Сен болмасаң, алар мені баурап кім?
Алматыға қашан келер екенсің,
Астаналық болып кеткен, ардақтым.