27.05.2023
  117


Автор: Серікбай Оспанов

Сексеуіл

Шөлден, селден шегінбей,


Дауылдардан жеңілмей,


Сексеуілдің құмда өскен


Қаттылығы темірдей.


 


Балталасаң, сынбаған,


Жұла тартсаң, қыңбаған.


Оны қатал табиғат


Жастайынан шыңдаған.


 


Соғыстан көз ашпаған,


Құм да, су да жасқаған.


Тастай қатал тағдыры


Тас түйін қып тастаған.


 


Сондықтан құм баспаған,


Жапырағын шашпаған.


Дауыл соқса айтады ол


Аспандатып асқақ ән.


 


Түсер күнде көкпарға,


Қарамайды жоқ-барға.


Тек сынады жұлып ап


Бір-біріне соққанда.


 


Күн сәулесін, таң нұрын,


Шөлдің тамшы жаңбырын,


Бойына ол сіңірген,


Тереңдетіп тамырын.


...Осы ағаштан көрем мен


Қазағымның тағдырын.





Пікір жазу