27.05.2023
  78


Автор: Серікбай Оспанов

Жаз көңіл элегия

Нәзік  гүлі ызғырықта солды ма аз,


Көктем еді, көңіл бүгін болды жаз.


Кеше ғана самғап ұшса қарлығаш,


Айдын көлге сабырлы енді қонды қаз.


 


Тереземді қақпа менің, қақпа, жел,


Көңіл шіркін келген жастық шақ па дер!


Сері – сезім, жүйрік көзім, жүгірме,


Салмақты деп жүрген кезде мақтап ел.


 


Өзгерді ғой жалт ете қап жалған бір,


Құйшы, құйшы, қайдасың сен, ақ жаңбыр?!


Арман ғой бұл, арман ғой бұл, арман бұл,


Тазарсыншы көңілдегі қалған кір!


 


Ей, ағайын, құбылттың-ау сен мені,


Қарлығашым қайта оралып келмеді.


Төк шуақты!


Тереземді бүркеген


Көңілдегі ысырайын пердені!


 


Жырға айналсын, әнге айналсын әттеңім,


Төрімде ойнап,


Көңілде ойнап бақ – теңім!


Немерем боп, шөберем боп, шөпшек боп,


Көктемім – ай, тереземді қақ менің!


 


Көктемім-ай,


Өткен күн-ай, ерке еді,


Тентек неме-ай, тереземді шертеді.


Алтынкүрек соқпаса да,


Шуақты


Көңіл – бала тыңдайды әлі ертегі.


 


Төгеді де тамылжыған таңдар нұр,


Үміт шығар ақбоз ат боп алдын кіл.


Көңілімнің терезесі алдында


Айналақтап әлі де аппақ арман жүр.


 


Бұл өмірдің емес екен қорлығы аз,


Күз де жетер,


Қыс та келер,


Болды жаз.


...Айдын көлім айдын мұзға айналып,


Қош деп ұшар көкіректен соңғы қаз.





Пікір жазу