27.05.2023
  99


Автор: Серікбай Оспанов

Береке мен мереке Шиліде еді...

Береке мен мереке Шиліде еді,


Шилері мен талдары би биледі.


Мойыныма асылып қара қызы,


Қара бала бетінен сүйдірді.


 


Шаттық толы жанарлар Шиліде еді,


Шилері мен талдары би биледі.


Туған жердің, шіркін-ай, жусан иісі-ай,


Алпыс екі тамырды идіреді.


 


Туған жердей қай ауыл бола алады,


Құс та туған мекенге оралады...


Түніменен шығады түйе боздап,


Кісінейді бір жылқы қорадағы.


 


Бақ пен Дәулет ұясы Шиліде еді,


Соғып тұрған төсінде үй-жүрегі!


Көшіп кеткен көп үйдің жұрты қапты,


Қабағымды еріксіз түйдіреді.


 


Өзен-көлдер өмірлі Шиліде еді,


Табанымды ыстық құм күйдіреді.


Тамағыма тірелді бір өксік кеп,


Көзге неге ыстық жас үйріледі?!


 


Ғажап ауыл еді ғой Шилі деген,


Өкінішпен көкейге түйдім өлең.


Кісінеуін қоймады-ай жылқы мынау,


Жолығар ма екен-ай үйірімен?!





Пікір жазу