Шилі
Бұл ауылда бәрі-бәрі басқа еді,
Кей тұлпардан озушы еді мәстегі.
Ең, ең жаман дегеніңнің өзі де
Қазіргінің жаманынан жақсы еді.
Бұл ауылдың тек ілгері басты елі,
Биші осында мың бұралған аш белі.
Бұл ауылдың Торғай еді – Мәскеуі,
Сол Торғайдың дүкені еді – Тәшкені.
Ән салса ана, уілдейтін сәби де,
Мұндай ауыл жоқ деуші едік фәниде.
Жұмысынан қайтқан жанмен ілесіп
Бір ғажайып күй енетін әр үйге.
Сол күйменен әр үйде бір шам жанып,
Ауыл үсті боп кететін жап-жарық.
Кешке қарай театрға ұқсайтын
Өскен ауыл егін егіп, мал бағып.
Әсем ән мен тәтті күйге арбалып,
Келген кісі кеудесіне шам жағып,
Ақ қанатын арманының кең керіп,
Аттанатын ақын елге таң қалып.
Оқиғалар көп болатын керемет,
Нық сөйлейтін ақсақалдар шегелеп.
Ән бе, сөз бе, күй ме, әлде өлең бе,
Осы ауылдан табылатын не керек?!
Лапылдатып сөздің отын жандырып,
Отыратын тыңдаушысын таң қылып
Әбіқай мен Ахметхан, Қайнекей
Қырғы «ауылға» көшіп кеткен мәңгілік.
Көшіп кетті,
Көшіп жатыр әлі ауыл,
Жүрегіңе тиеді екен бәрі ауыр.
Бүгін жылап қайнайтұғын болыпты,
Кеше күліп сайрайтұғын самауыр.
Бір кездері барлық елге ұнаған,
Шилі жатыр үй астында құлаған.
Қайнекейдің атындағы мектептің
Қамын ойлар табылар ма бір адам?!
Жерін, елін сүюші еді төңірек,
Ойлаушы едім қазақтың бір төрі деп.
Көңілімді күдік өртеп барады,
Қырдағы «ауыл» ойдағыдан көбірек!
Бұл ауылда бәрі-бәрі басқа еді,
Кей тұлпардан озушы еді мәстегі.
Ең, ең жаман дегеніңнің өзі де
Қазіргінің жаманынан жақсы еді.