Ұя
Бар маңай бүгін құлпырған,
Дүние тұрды ұйып-ақ.
Ішеміз жиі
Құтыдан
Ашыған көже құйып-ап.
Шегірткелердің
Күнімен
Басылмай сәтке шырылы,
Ұласты торғай үнімен
Шалғылардың да сырылы.
Іліге жаздап шалғыма,
Кенеттен торғай пыр етті.
Апыр-ай, аман қалды ма,
Жұлқып-ақ кетті жүректі.
Тажалдай шалғы қолымда.
Қуандым аман ұшты деп.
Бозторғайдың сол орнында –
Ұяда жатты үш жүрек.
Үш жүрек – үш құс, тіршілік,
Қандай да кінә бар бұған ?!
Қала да жаздап қырсығып,
Сақтады тағдыр шалғыдан.
Ұяға ұшы шалғының
Тимеді қалай таңданам.
Соғыстың көріп сан мыңын,
Жер де бұл талай қалды аман.
Төніп тұр қауіп қайдан да
Ұямыз – Жерге,
Адамға.
Күн туса шықпай майданға,
Мен ұшып кете алам ба?!
Әлемде қанша әлі де
Панасыз бала, балапан...
Болуы керек бәріне
Жер ұя, жылы алақан.
Соғыстан, небір шатақтан
Шайқалды әлем, қия, құз...
Сау тұрсын әр кез апаттан
Жеріміз – үлкен ұямыз!