27.05.2023
  69


Автор: Серікбай Оспанов

Кіші Құмкөл...

Кіші Құмкөл,


Сулы үлкен Құмкөлде


Шоқ- шоқ болып өсуші еді гүлдер де.


Жалғыз-жалғыз қалыпты енді селдіреп,


Айрылғандай баяғы ашық түрден де.


 


Егіз Құмкөл орны жатыр,


Жоқ болған,


Ауыл да жоқ маңайына кеп қонған.


Балағы жоқ шалбар киген баладай


Сидиып тұр


Сиық кетіп көк талдан.


 


Ол да жалғыз-


Бірі мұнда,


Бірі анда.


Бұратылған ұқсас діңі жыланға.


Ана бір тал құныс болған, құлапты,


Мына бір тал иір-иір бұранда.


 


Дүбірлетіп жатушы еді төсіңді ел,


Жоқ ешкім де!


Кешіріңдер,


Кешіңдер!


Еске түсті «Жалғыз кемпір», «Жалғыз ұл» –


Соғыстан соң қалған жетім-жесірлер.





Пікір жазу