27.05.2023
  91


Автор: Серікбай Оспанов

Көлбейді үнсіз-түнсіз Тобыл ағып

Жағада тал, құрақтың шөлі қанып,


Көлбейді үнсіз-түнсіз Тобыл ағып.


Күн шығып,


Өзеннің кең айдынына


Бұрын кеп қаз-үйректен қонды жарық.


 


Толқынды өзен беті ақжалданып,


Көбейді үпір-шүпір маржан балық.


Өзіне сұлулықты сіңіріп ап,


Боп кетті Тобыл үсті таңнан жарық.


 


Ақ сәуле ойнап қайың желегінде,


Тұрды сәт бар табиғат кемелінде.


...Ақ маржан барады әне, шүп-шүп етіп,


Өзеннен су алған қыз шелегінде.


 


Күн күліп, көк төсіне жаңа бойлап,


Шағала шаңқ-шаңқ етіп салады ойнақ.


Қарашы, қыздың енді


Алтын сәуле


Жарқылдап жанарында барады ойнап!





Пікір жазу