27.05.2023
  119


Автор: Серікбай Оспанов

Орманда

Қарағай ақ қайыңды ұнатқаннан,


Асылып мойынына,


Құлап қалған.


Жағалай алтын тозаң


Қалың ағаш


Ішіне кіріп маңай шуақтанған.


 


Одақтас бір-бірімен бәрі мұнда,


Бөлісті күннің түскен жарығын да.


Шыршаның үрпиген жас балапаны


Қылтиып келеді өсіп мамығында.


 


«Тоқ-тоқ-тоқ....»


Біреу ағаш қашағандай,


Мүлгиді –


Мынау ағаш шаршағандай.


Құлаған енді бірі төрттағандап


Еңбектеп бара жатқан мас адамдай.


 


Құрт жоқ па деп ағаштың жарығында,


Құмырсқа жүгіріп жүр қабығында.


Оянған тіршіліктің құлағы енді


Шырқаған торғайлардың ән-жырында.


 


Шығарып сәуле шашқан төрге күнді,


Ағаштар гуілдесіп тербетілді.


Тал, терек бір-біріне қолын созып,


Жүгіріп,


Сипап бәрін жел де күлді.


 


Толассыз әнші құстар жалғанды әні,


Жұмағың осы шығар жалғандағы?!


...Араның ағаш кескен ащы үнін-ай,


Шаттықты қуып шықты ормандағы...





Пікір жазу