27.05.2023
  73


Автор: Серікбай Оспанов

Қайырмай бұлттарын жел алып қашқан...

Қайырмай бұлттарын жел алып қашқан,


Өз ісін бастап кетті шабытты аспан.


Шомылтып күміс нұрға ой мен қырды,


Өркенді сығалатты жарық тастан.


 


Нар қамыс,


Қурай,


Шилер тербетіліп,


Бетінде сәуле ойнады, көл де күліп.


Аспанның құдіретіне алғыс айтқан


Тіршілік қол бұлғады жерде тұрып.


 


Самал жел саусағымен іліп талды,


Арқасын жатқан иттің қыдықтады.


 Үйінен шыққан жігіт


 Аспан жаққа


Бір көзін қыса қарап тұрып қалды.


 


Қарады тауға,


Таудың баурайына,


Жанығып жел жармасты шаужайына.


Сал жігіт атқа қонды алаңдамай,


Қанығып алып күннің аужайына.


 


Даланы жарылқапты жазғы жауын,


Гүл- кілем арбап көздің алды жәуін.


Жазылып екі бүктеп алған қамшы,


Көсіліп күрең ат та жазды баурын.


 


Төрт тұяқ сансыз күйге жалғап бір ән,


Зуласа, үміт күтті ел таңғы аттыдан.


Жарысып көлеңкесі сал жігітпен,


Барады аспанда да самғап қыран.


 


Құйылып қуырады қырды күрең,


Ауылдың түтін шықты түндігінен.


Бу, түтін өрлеп көкке, бұлтқа сіңіп,


Жалғасты Аспан мен Жер бір- бірімен.


 


Пенденің көңіл бөлмес бұған бәрі,


Білер тек кең даланың ұландары!


Қыз алып, қыз беріскен адамдардай,


Жер мен Көк жаралғалы құдандалы!


 


Күн түсіп жер бетіне, заңғар шыңға,


Айналды жылтырақтың бәрі асылға.


Тіршілік құбылады жанып, өшіп,


Қас пен көз,


Аспан мен Жер арасында.





Пікір жазу