26.05.2023
  87


Автор: Серікбай Оспанов

Мамыр келді

Көңілі –кең келіпті жасыл Мамыр,


Ызғары –артта,


Шуағы- қасында жүр.


Самалы- ерке қырларда асыр салып,


Сәулесі- ойнап ағаш басында жүр.


 


Тіршілікке нәр,


                         қуат алып жеткен


Қандай дархан?!


Бауырмал Мамыр неткен?!


Жамырамай өр өзен, ақ бұлақтар,


Жадырамай жүр еді жаным көптен.


 


Ару- Мамыр бәрін де жадыратты,


Көл нұрланып, Күн болып жалын атты.


Жылғалар да айналып алтын сымға,


Сырғаларын алма, өрік тағып апты.


 


Шашу етіп шашып жүр бар асылды,


Бәрі,


Бәрі аруға жарасымды!


Мұз –құрсаудан құтылған қара жердің


Маңдайынан күн сүйіп, 


Бағы ашылды.


 


Мұндай қамқор таппассың жанашырды,


Бұлбұл құстың қайтадан жағы ашылды!


Нағашымды еске сап дархан көңіл,


Мейірімді тірілтіп анашымды


 


Мамыр келді,


Еліме мамыр келді,


Тоңды емес, жан жылытты  жалын- демі.


Тарпаң мінез танытпай, табиғат-ай,


Мейрімді қалпыңнан жаңылма енді! 





Пікір жазу