26.05.2023
  76


Автор: Серікбай Оспанов

Көктемнің сыйлап тағы күні көрік...

Көктемнің сыйлап тағы күні көрік,


Сыланды шашын өзен бүгін өріп.


Шөлдеген алтын шуақ қанар емес,


Шатырдың жатыр емшек- мұзын еміп.


 


Жер беті жылт-жылт ойнап, жыбыр- жыбыр,


Айнала күбір- күбір, сыбыр- сыбыр.


Бір жылға бір жылғаны қуалайды


Дегендей «үлгір-үлгір», «жүгір-жүгір».


 


Өзеннің тасыса егер арнасы құт,


Жағаға жайылады аласұрып.


Көшеден қашып шығып сансыз жылға,


Өзенге құйып жатыр бәрі асығып.


 


Мың алғыс көктем күні,


Күліп көктен


Егіннен- молшылықтан үмітті еткен!..


Жарқырап көрінеді тамшы- бүршік


Ағаштың басына өрлеп шығып кеткен?!


 


Аққан су шатырлардан сүмбі бойлап


Енеді қар астына сүңгіп ойнап.


Өзенді бетке алатын жылғалар да


Апыр–ай, ағатындай бірлік ойлап!..





Пікір жазу