Мен де жеттім...
Мен де жеттім,
іздеп мені жел жетті,
Туған өлке қарсы алмады нем кетті.
Шилі өзені тебірене теңселіп,
Тарпаң ұлын толқынында тербетті.
Туған жер-ай,
Ұлын көріп толқыды,
Сол баяғы жота-жоны, жол құмы.
Бірін- бірі қоштап,
қолдап, қайталап,
Судың, құмның үдей түсті толқыны.
Толқын ойда,
Толқын өзен жарында,
Қол бұлғайды тербетіліп сағым да.
Қойдың піскен таңдайындай жағалау,
Толқып- тасып отқа оранды жаным да.
Құйқылжыған төгіп аспан тұрса күй,
Жастар, қарттар, мәз боп, әне, жүр сәби.
Қаладағы көп қабатты үйлердей
Өзен жары- мың сан отау, мың сан үй.
Құлағыма әкелсе үнін толқындар,
Көз алдымда, жаным, сенің шолпың бар.
Қабаттардан қарлығаштар ұшырып,
Мен келді деп салды әлемге сол күн жар.
Туған жер-ай!!!
Туған жерсіз қайда бақ?!
Сенсіз қонған маңдайға бақ- тайғанақ!
Ай сәулесі тереземнен түсті де,
Түні бойы шықты мені аймалап!