26.05.2023
  100


Автор: Серікбай Оспанов

Бұлттың қызыл бұтағы

Жарқ етіп алтын шыбыртқы,


Жап-жарық етті ымыртты.


Теректі дауыл шулатып,


Еңкейтіп,


Иді шыбықты.


 


Жел бұлтты үйірді,


Шүйілді малға үйірлі.


Қап-қара сиыр – қара бұлт,


Тамшысы – соңғы иінді.


 


Кенеттен жауын құйылды,


Құйып бір өтіп тиылды.


Біреулер қабақ түйгенмен,


Біреулер бұған сүйінді.


 


Жұлмалап бұлтты, қырқаны,


Түнеріп аспан тұр тағы.


Жарқ етіп шоққа айналды


Бұлттың қу қызыл бұтағы.


 


Ойлантып ұлттың тағдыры,


Ойлантып бұлттың тағдыры,


Жарқ еткен әлде


Ерлердің


Жарылған жүрек тамыры?!


 


Шірген бұтақ сыныпты,


Қой-ешкі, лақ ығыпты.


Дауылдың күші-ау


Қып-қызыл


Ұстатқан бұлтқа шыбыртқы?!


 


Таң алды.


Күн көзі ашылған,


Ашулы терек басылған.


Ойнайды жалт-жұлт ойыншықтар


Жапырақтардан шашылған.


 


Шағында кеше шабытты


Табиғат мінез танытты.


Ал бүгін адам, құстар да


Жыры мен сырын ағытты.


 


Елемей жүр ед шалдықты,


Күншуақ шалды қалғытты.


Еңкейген шыбық шынығып,


Шалқайып тұра қалыпты!





Пікір жазу