Жалғызым
Бұл жалғанда адалысың адалдың,
Аспанда Ай,
Теңесер тек саған күн!
Танысқанша,
Табысқанша екеуміз
Жарығым дер жалғызы едім Анамның.
Еңселі еттің, өрнектелді өмірім,
Емшек еттім көңілі мен Ел үнін.
Көкке өрледі арманы Анам жыр жазсам,
Жек көрмеді Серігінің серігін.
Қуат бердің,
Шуақ бердің сен маған,
Жалғызсың деп айта алмайды ел маған.
Анам жайлы жырларыма үңілсем,
Аймалайсың өзің болып енді Анам.
Сенімен бір– өткен-кеткен қасымда;
Жолығамын небір қимас асылға.
Ақыл айтар ақтарылып әкем боп,
Қош дей алмай кеткен сегіз жасымда.
Сырлас, мұңдас, ең-ең жақын ақылшым,
Жеткізбеді,
Сенде– гауһар, алтын шың!
Елім, жерім, жарым, баламды арқалап
Болашаққа алып бара жатырсың.
Өзіңменен жарасты да дәм-тұзым,
Ақ қағазда ақ арманым, қалды ізім.
Өмір бойы өбектеумен өтермін,
Ғұмырымды сен жалғаушы–
Жалғызым!