26.05.2023
  188


Автор: Әсерлі әңгімелер жинағы

Жаңбырлы күнде...


Әрбір жұма күні имам мен оның 11 жастағы ұлы «Жұмаққа жол» деген атпен дайындалған кітапша таратады екен. Осындай күндердің бірінде тосыннан күн суытып, қатты жауын жауады. Барынша жылы киінген ұлы: «Әке, мен дайынмын!» деді.

– Балам, бүгін ауа-райы мәз емес. Үйде қалғанымыз дұрыс болар. Мен әлі толықтай сауықпадым,-дейді әкесі.

– Олай болса, мен жалғыз барсам бола ма?

– – Әрине, құлыным. Аса Мейірімді Алланың атымен!,-деген әкесі ұлының қолына жұқа кітапшаларды ұстатты.

Мәз болған баласы:

– Рақмет, сізге Алланың сәлемі болсын!,-деді де үйден шығып кетті.

Бүлдіршін жасының кішілігіне қарамастан бейтаныс адамдармен еркін сөйлесіп, қолындағы қағаздарын таратуға кірісті. Қолайсыз ауа-райында қарасы көрінген халық та аз еді. Бір сағат өткеннен кейін ғана қолындағы кітапшалар таусылуға жақындады. Соңғы кітапшаны бермек болып, ары-бері жүгірсе де, ешкімді таба алмайды. Ойлана келе, ең бірінші кездесетін үйдің қоңырауын басайын деген шешімге келеді.

Бала есік қоңырауын басты, алайда ешкім ашпады. Ол тағы да, аз уақыттан кейін тағы да басты. Жауап жоқ. Үмітін үзіп, кетуге ыңғайланды. Бір-екі қадам басқаннан кейін қайта бұрылып, есік қоңырауына қол созды. Бұл жолы есік ақырын ғана ашылды.

Табалдырықтан жасы үлкен әйел көрінді. Көңіл-күйі жоқ екен...

– Балақай, мен саған көмектесе аламын ба?,-деді. Бала оның көзіне мейіріммен қарады да, күлімсіреді:

– Мазалағаным үшін кешіріңізші. Мен Алла Тағаланың сізді жақсы көретінін және сізге қамқор екенін айтқым келген. Мына кітапты ұсынайын деп есік қағып едім. Сіз бұл кітапша арқылы Алла Тағаламен жақынырақ танысып, өмірдің мәнін түсінуге мүмкіндік аласыз.

Әйел әлсіз үнмен:

– Рақмет саған, балам,-деді...

Бір аптадан кейін, имам жергілікті мешітте дәріс оқиды. Аяқтағаннан кейін: «Сіздерде сұрақ бар ма? Немесе айтарларыңыз болса, мәрхаббат?» дейді.

Сонда әйелдер бөлмесі жақтан дауыс шықты:

«Сіз мені танымайсыз. Мен бұрын соңды мұнда келмедім. Тіпті, өткен жұмаға дейін мұсылман да емес едім. Ислам туралы ештеңе білмейтінмін. Мұндай жағдайға тап боламын деп ешқашан ойламаппын! Бірнеше ай бұрын жолдасым қайтыс болып, жалғыз қалдым. Өткен жұма күн ауа-райы күрт өзгеріп, салқын түсті, аспан түнеріп, найзағай ойнап, жаңбыр жауды. Көңілім онан сайын құлазып, өзіме қол жұмсамақ ой келді. Менің санамды «Өмірдің мәні жоқ» деген ой билеп алды. Арқан алып, екінші қабатқа көтерілдім. Орындыққа шығып, бір ұшын үй төбесіндегі бөренеге байладым да, ілмекті мойныма салдым. Өзімді сондай жалғыз, ешкімге керексіз сезіндім де, орындықтан секіруге дайын тұрдым. Кенет есік қоңырауы басылды. Аз ғана күтейін, бірақ ашпаймын деп шештім. Қоңырау тағы да, тағы да басылды. «Бұл кім екен? Менің есігімді қағатын ешкім жоқ еді ғой» деген ой келді. Орындықан түсіп, дәлізге шықтым, есікті ашқанда көз алдымда күлімсіреген, жүзі нұрлы бала тұрды. Бүлдіршіннің сөздері жүрегімді жібітіп жіберді: «Мен Алла Тағаланың сізді жақсы көретінін және сізге қамқор екенін айтқым келген» деп қолыма «Жұмаққа жол» деп жазылған кітапшаны ұсынды да, кетіп қалды. Орындыққа отырдым да, әлгі кітапшадағы әрбір сөзді мұқият оқуға кірістім. Кейіннен жоғары көтеріліп, орындық пен арқанды жинап тастадым. Енді олар маған керек емес.

Мінеки, сіздер мені аман-сау әрі бақытты қалпымда көріп тұрсыздар. Ақиқатқа жүрегімді ашқан Аллаға сансыз мақтаулар болсын! Мешіт мекенжайы кітапша артында көрсетілген соң, осында келдім. Сіздерге өмірімді өзгерткен оқиғаны айтып, Алла Тағала дер кезінде жіберген балақайға да алғыс білдірсем деймін!»

Әйелдің әңгімесін естігенде көзіне жас алмаған адам болмады. Әкесі ұлының жанына келді де, қапсыра құшақтап, маңдайынан сүйді. Және Алла Тағалаға салиқалы ұрпақ үшін сансыз шүкірліктер мен мақтаулар айтумен болды.

Қандай ғибратты оқиға! Алла Тағала сіз бен бізге иман деген ұлы байлығын сыйлады, ал біз келесі бір адамның бақыт табуына себепші болуымыз мүмкін екен! Бар болғаны бір-екі ауыз сөз және ізгі ниет...

Келесі бір алар ғибратымыз – сабырлық қасиетін серік ету. Әлемнің бұрыш-бұрышында бір сәттік қиындық, бір мезеттік сынақ, жалғыздық үшін арқанға қол созатындар қатары көбейіп келеді. Алайда, ақиқат және Аллаға, ақыретке деген сенім кез келген қиындыққа төтеп беруге күш беріп, бақытты ғұмыр негізіне айналады. Өмірде болған бұл оқиға осы кісілерге сабақ болса екен дейміз және Алладан тура жол беруін сұраймыз!





Пікір жазу