(Бұл оқиға өмірде болыпты-мыс)
Баяндайын жетім баланың арманын,
Сұм тағдыр сынағына алғанын.
Тілейді туған ана болмаған соң,
Ең болмаса өгей ананың болғанын.
Жетім бала 9 жасар шамасында,
Шүкір етіп қатқан нан, қара суға.
Арба айдап күнелтеді базар маңын,
Осылай түскен тағдыр таласына.
Жол тартады
Арба айдап басқа жаққа,
Кез болып
Жезөкшелер үйіне ойда жоқта.
Кезіккен жолаушыдан сұрайды кеп:
«Не істейді бұл АНАЛАР мына жақта?»
Қысыла жауап таппай әлгі адам,
Ұялады, сұрақ қойған баладан.
«Бұл жерде әйел адамдар сатылады,
Көп ақшаң табылса егер қалтадан!».
Қаншаға сатып алсам болады деп,
Әлгі адамды сұрақ астына алады кеп.
«Балам-ау, сенің ақшаң жете қоймас,
Бұл жерде байлар бақыт табады тек».
Сол күннен соң
Аш-жалаңаш жүрсе-дағы,
Көп ақша табу үшін жан салады.
Етік майлап, жүк тасып, көлік жуып,
Ән айтып суық күнде көп тұрады.
Жинайды бар жиған қаражатын,
Сол үйге аяңдап бара жатыр.
«Ең әдемісін сатып аламын» деп,
Іштей қуанып келеді бала батыр.
Көзге түсті сарғыш шашты, сұлу әйел,
Бет-жүзі суық емес, жылу әйел.
Баланы байқап қойып, таңданыспен,
«Не жұмыспен жүрсің?» дейді әлгі әйел.
Көз-жасы жасаурап көрікті ұлдың:
«Апай, сізді сатып алуға келіп тұрмын,
Көп ақша жинадым сіз үшін мен,
Жақсы ана боласыз сезіп тұрмын.
Қызығамын қатарлас достарыма,
Анасы бар олардың қастарында.
Ал менде ана жоқ, бұйырмады,
Балалық балдәурен аспаныма.
Сіз маған,
Ана болсаңыз сол маңызды,
Жылы суға салам ылғи қолдарыңызды.
Әрнәрсе «әпер» дейтін балалардай,
Алмаймын сіздің мүлде мазаңызды.
Маған тек АНА керек, АНА керек,
Ақыл айтар анадай дана керек.
Құшағында жылынып ұйықтап кетер,
Ананың құшағындай пана керек».
Тыңдайды аянышпен құлақ түріп.
Жас әйел бала сөзін жылап тұрып,
Солығын баса алмай үн қатады,
Жетімнің маңдайынан сипап тұрып.
«Балам!
Әлемде нәрселер көп құны болмас,
Аналар бар ешқашан бағаланбас.
Көп нарсе ұқтырдың мына маған,
Балаларым қалған еді аш-жалаңаш
Үйіме тездетіп оралайын,
Жерім болсын бұл менің енді оралмас.
Сен маған өз қадірімді түсіндірдің,
Бір Алла болсын енді саған жолдас».