25.05.2023
  155


Автор: Құрманғали Қуанышбай

Шырылдаған біреу ек, шындық іздеп

Әдетте, кейбір ақынның бірде тамаша өлеңіне тамсансаң, енді бірде шалағайларын оқып опынып қалатының да рас. Ал Сәкен ақынның, Сәкен Иманасовтың өз әріптестерінен атын оздырып тұрған бір артықшылығы бар. Ол — ақынның ортақол өлеңдер жаза алмайтыны. Мұқағали армандайтын нағыз ақынның нақ өзі де осы Сәкен Иманасов екеніне өз басым имандай сенемін. Ақтарыла айтқан ой-пікіріміз — жалаң сөз емес. Оны ақынның жаңа кітабы — "Ар алдында" арқылы дәлелдемекпіз. Кітаптың беташары мынандай бір шумақ өлеңмен ашылған:


— Айтам бүгін — айтам деген сөзім ең,
Дүниеге қарап шындық көзімен.
Ар алдында мен өзімді әрдайым
Дар алдында тұрғандай-ақ сезінем.


Сәкен ақынның сыры да, шыны да тайға таңба басқандай осы жолдарға сыйып түр. Бұл әрі тек осы жинақтағы өлеңдерге ғана қатысы емес, ақынның күллі шығармашылық жолында ұстанған мұрат-қағидасы десек те әсте қателеспейміз.


Шындықты айтып шырылдау, ақиқатқа ара түсу, сөйтіп алқалы топ алдында ақтарыла айтып, "айналамның бірі ұқпаса бірі ұғар" деп ағынан жарылу — ақынның адамзаттық ар алдында мерез мінез, оғаш қылық, жат түңілер жаман ғадеттен арылуға үздіге үндеуі деп ұғамыз. Төзімі темір, дәті берік қайсар елдің ақыны:


Зәуде бір ұқтыра алмай өзіңді елге,
баз кешіп, дүниеден безгенінде
аямай, аяқ асты жатады ұшып
сары алтын "самородный" сөзің желге, —


деп ақиқаттың ала жібін аттап кете беретін, шындыққа құлақ аспайтын кесірлі кереңдерге ренжиді. Ақынның өлеңдері бастан-аяқ қалың оқырман қауыммен сыр бөлісуге негізделген. Өмір-тіршіліктің құбылмалы, құйтырқы, түлкі бұлаң сәттерінде естінің сөзін елеп жатқан ешкімнің жоқтығы жанын жабырқатқан ақын бірде:


Көкірегін ыс емес, ыза басқан,
Мың алданған тірлік-ай, жүз адасқан, —


деп қамығады.


Сәкен ақынның сөзі өз өмірбаянының сыры мен мұңы емес, жалпақ ел, жалпы жұрттың көкейінде жүрген өзек жарды ой-толғам. Сәкен соны сом сөздерімен өлең жолдарына көшіріп шыққан ғой деп қабылдасақ жөн болар.


"Тапқаныңнан кәне, — деп табалайды дос-дұшпан, —
Едігедей еңіреп, елдің қамын жегеннен?.."


Әйтеуір, бір қарынның қамын ойлап, байлығына бола әлдекімдердің алдында есі кетіп, жатса жастық, тұрса төсек болуға даяр пенделердің бет-пердесін ашып, ашына айтылған ақиқатқа қалай бас имессің?!


Осы жинақтағы "Қазақы әңгіме" өлеңі — бүгінгі заман адамдарының кескін-келбетін келістіре суреттеген. Соған орай ақынның:


"Қойыңдаршы... қоя түр сен, қойындар,
Күн туады кінәмізді мойындар", —


деген уәжі де көңілге қона кетеді.


Ел сөзін айтар жерде дуалы ауыз азаматтың алдын орап кететін келте ақыл кещелердің көпірме, кеппе, түйірдей батымы жоқ әңгімеге әуестігін мінейтін мына жолдар тауып-ақ айтылған емес пе:


"Қошеметтеп, қолпаштап айналасы,
Сөйлеп жатыр... сөйлесін... бай баласы...
Күңкілді де, жұрағат, тыйшы мына,
Кім қарапты аузының қисығыңа!"


Басыңа қысылтаяң күн туғанда қасыңнан ұдайы иманы бар ізгі адамның табыла бермесі тағы шындық. Осы орайда адал дос іздеп армандаған ақын сөздеріне риясыз иланасыз:


"Тауға да соғар сен үшін
тасқа да соғар маңдайды,
айнымас айтқан сертінен,
асыл дос деген қандай-ды?!
Қолыңда билік болмаса,
жалт беріп шығып жалған дос,
басыңа қиын іс түссе қасыңда
бірі қалмайды".


Міне, бұл біздің емес — көптің сөзі, бәріміздің ортақ ойымыз.


Тіршіліктің қуану-қызығуынан гөрі, наласы мен жаласы басым түсіп жаныңды жаралап, көңіліңді қаралап, жігеріңді жасытатын сәттерінде өзіңе-өзің Сәкен ақынша сауал қоятының да рас қой:


"Ішкенім де, жегенім күшаладай,
өмір еді неткен бұл құсаға бай...".


Оқырманмен ой бөлісіп пікір алысуға келгенде ақын сенің сенімді серігің, сыралғы досың сияқты ағынан жарылады:


"Бара жатса шынымен білгіңіз кеп,
айтпасақ та Алашқа үлгіміз деп, —
Кісіліктен басқаға бұрылмаған,
шырылдаған біреу ек шындық іздеп...


Бұл әрине ақынның қарақан басының мұң-жыры емес, бәріміздің көкейімізді тескен ойтолғақ.


Ақынның ақ сөйлеп адал жүруді дәріптеген жырлары жан дүниеңізді сәуір сезімге бөлеп, тазалықтың тас бұлағынан сусындатады.


"Тірлікке бой алдырмай күйбеңі көп,
тік тұрып, тіке сөйлеп үйреніп ек.
Тас тұма тұнығынан қанып ішіп,
Қас-күнә қылығынан жиреніп ек".


Татымды сөз, терең түйін өлеңнің өңін кіргізіп, еріксіз есіңе түсе беретін сиқырлы сезімге ие.


Сәкен ақынның "Теңіз" деген тамаша өлеңі бар. Тоғыз балдық толқыны алып кемені ұршықша үйіріп, адамдардың үрейін ұшырған сәтті суреттей отырып, өмір толқынының да біздей пенделерді ара-тұра осындай қауіп-қатерлі сынақтан өткізіп тұрғанын тілейді. Осы бір орнықты ой, шынайы шешім өлеңде өте әдемі өрнектелген:


"Әлқисса, өтпейін деп шерден кенде,
сала ма өмір сені сергелдеңге, —
айтқызып иманыңды, ауық-ауық
не жетсін теңіз боп та тербелгенге!"


Бүгінгі аумалы-төкпелі заманға, қоңыр қоғамға, барлы-жоқты тіршілікке қырын қарап, келешектен күдер үзіп кетудің азаматтыққа жат қылық екендігін де ақын ашып айтады. Бірде кейін қалып, бірде ілгері озған ел көшінің түзелгенін тілге тиек етіп жұртшылықты жырымен жұбатады. Елінің ергеніне, өзінің болашағына нық сенген ақын: "Өзіндей елім барда, түбінде бір қонатын сияқтанар маған да бақ" деп жыр төгеді. Барын базарлап, жоғына жүдемеген кісінің тәубешіл де қанағатшыл бейнесін айшықтаған ақынның әр сөзінде нәр, әр жолында мән бар. Марапат, мақтау тілемей, төрде отыруға ұмтылмай, туған жердің түтінінің түзу шыққанын қалаған ақынның азаматтығына тәнті боласың:


"Біле тұра бұл күнгі тірлігіңді ел,
Жарылқай да қойсын-ау кімді кімдер.
Азаймасын тек қана асықтырған,
Ғашық қылған өзіне нұрлы күндер!"


Сәкен ақынның өлеңінде мүсінделген кейіпкерлер — аяр емес, адал, өркөкірек емес, өрелі, басынан артық сөз асырмайтын, досынан сырын жасырмайтын, дұшпанға кеудесін бастырмайтын, біреуге жарамсақтанып кішіреймейтін, қарын тойғызуды ойлап кісіге күнін түсірмейтін, жексұрындарды жанына жолатпайтын, қиянат көрсе қасқиып қарсы тұратын тұрпаты бөлек тұлғалар. Оның "Ар сатпау еді Аллаға берген антым да" дегенін қосыла құптаймыз. Ендігі кезекті жыр жолдарына берейік:


"Мен емес тасырың да, тақсырың да,
балаймын соның бәрін жақсы ырымға.
Көлемін қалың елмен қатар көріп,
ағын да, қарасын да, ақшылын да...
Біреуді жек көрем бе, кектенем бе,
орынсыз болған емес өкпе менде...
Әлдінің әлсіреген кезін бағып,
ешкімге ұрынбадым өзім барып...
...Ақынмын, ақылдымын деуге барып,
көрмедім кісі алдында кеуде қағып,
ешкімнің түскен жоқпын егініне,
жел бітіп көңіліме, кеулеп алып..."


Өмірдің талай бел-белестерін басынан өткеріп, жыр әлемінде жұлдызы жанған арқалы ақын Сәкен сара сөзімен жан сарайымызды жаңғыртып, ар алдында арылуға жол ашқан, өлеңдерінің мәнділігі мен мәңгілігін мойындатқан дара дарын.


Сол себепті де ақынның:


"Тірліктің талай тезінен өтіп бұралаң,
ызғарына да, мұз-қарына да шыдағам.
Келемін өлі қып-қызыл өрттің ішінде,
жығылып,
тұрып,
бұғынып,
күліп,
дін-аман!" —


деген сырына сенеміз, қуана қол соғамыз және осы жолы мемлекеттік марапат бәйгесінен бағы жанып, жорға жыры озып келуіне біз де тілек қосамыз.


"Жас Алаш" газеті, желтоқсан, 2006 жыл





Пікір жазу