25.05.2023
158
Сағынбайсың ба...
Ойымда жүрсің əрдəйім,
Саламын дейсің қай сынға.
Өзіңсіз кездің бəрі уайым,
Сен мені ойламайсың ба…
Кіреуке тұтып күрең мұң,
Көңілсіз болсаң ай туа…
Ойдағы сөзді бір шырын,
Асықпайсың ба айтуға...
Үздігіп, демің үзіліп,
Сезімге бағынбайсың ба…
Қызғаныш оттан қызынып,
Сен мені сағынбайсың ба…
Сағыныш заһар бал қосқан,
Айналып гүлге кетсемші…
Көзіңді менен алмастан,
Құс болып ұшып жетсеңші…
Бозала таңда шық кешіп,
Жолыңды тоссам, болмай ма…
Масайған көңіл мүлт кетіп,
Жүрегім сенсіз, сорлай ма…
Есімім кетпей есіңнен,
Назыма күйе алмайсың ба…
Мен бəрін, бəрін кешіргем,
Сен қайта сүйе алмайсың ба…