Ағаға наз
Сырымды айтсам, несіне күлдің аға,
Күлкіңізге күрсінді күлгін дала.
Жалтыраған алтынның арасынан,
Шын асылын таба алмай жүрмін аға!
Шынымды айттым, несіне күлімдедің,
Жанашыр жан бола алар бүгінде кім?!
Бəрі иманды, рас па, өтірік пе,
Бет перделі жандарды түсінген кім?!
Ешкі сынды іш майын ішке жинар,
Бірініңде тұрмайды түрінде мін.
«Алтыбақан» теппейтін бұл заманның,
«Əпер бақан» ұлынан түңілгенмін.
Мен қалаймын жігіттің, жебе тартсаң,
Қарағайлы садақтай бүгілгенін.
Ай астына ілінген алтын жамбы,
Екпініне шыдамай үзілгенін.
Сабасына сыймаған сары қымыздай,
Тағдырымның қаламан бүлінгенін.
Тірек болар деген жан тіке кетіп,
Көргім келмес ниеттің тілінгенін.
Арман осы ағатай шыны керек,
Өзгелерден артықтау, құны демек.
Бəрін айтта бірін айт, сіз секілді,
Қарапайым қазақтың ұлы керек,
Солай, аға...